Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы Есқалиев Тасқала ауданында жұмыс сапарымен болды. Өңір басшысы Бірлік ауылында «Taskala-ET BKO» ЖШС-нің мал бордақылау алаңының құрылысымен танысты.

5000 басқа арналған кәсіпорын жобасының құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта серіктестік 28 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Серіктестік басшысы Нұртай Жұмашев жоба толық жүзеге асқан уақытта облыс аумағындағы және бірқатар көршілес облыстардағы сауда орындарына ет жөнелтуді көздеп отыр. Бұдан басқа, өңір басшысы аудандық аурухана аумағында су бөгетін қарап қайтты. Нысандармен танысып болған, Ғали Нәжімеденұлы аудан активімен кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы Халелов баяндама жасап, атқарылған жұмысы туралы және алға қойған жоспарымен бөлісті. Облыс әкімі өз кезегінде шағын және орта бизнесті дамыту маңыздылығына тоқталып, осы сала бойынша ауданда атқарылып жатқан істерге оң бағасын берді. Бұдан басқа, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру бағытында бірқатар нақты тапсырмаларды жүктеді. Жиын соңында Ғали Нәжімеденұлы өзінің Тасқала ауданындағы қоғамдық өкілі ретінде еңбек ардагері, «Тасқала ауданының құрметті азаматы» Сытдықов Алыбек Бақтыгерейұлын таныстырды. Кездесу аяқталған соң облыс әкімі азаматтарға жеке қабылдау өткізді.