Аудан әкімі Санжар Әлиев барша аудан тұрғындарын, аудан қонақтарын мерекемен құттықтады.

"Сіздерді «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл күн қазақ халқы үшін ата-бабамыздың салт-дәстүрін дәріптеген, биік рухымызды, мәдениетіміз бен өнерімізді барша халыққа паш ететін шаттық пен қуанышқа толы мереке. Дастарқанымыз аққа толып, ырыс пен берекенің бастауына айналған бұл күнде адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін кешіріп, тек қана жылылыққа толы тілектер айтып, құрмет көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде айтылған тілектер қабыл болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!"
Биылғы жыл наурыз мерекесі ерекше тойланды. Орталық алаңға адам көп жиналды. Барша ағайын төс қағысып көрісіп, бір-бірін мерекемен құттықтады. Аппақ қардың үстіне 10 жуық ақшаңқа киіз үйлер тігіліп, мерекелік дастархан жайылды. Барша аудан тұрғындары мен келген қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарынан, наурыз көжеден ауыз тиді.
Аудан көркемөнерпаздары күмбірлете күй ойнатып, әннен шашу шашып, жиналғандарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Жиналған қауымға ұсынылған ұлттық ойындар да назардан тыс қалмады.