Бүгін аудандық орталықтандырылған ауруханасында «Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының» дәрігерлері аудан тұрғындарын қабылдады. Аталмыш шара  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ауыл азаматтарының туған жеріне, өзінің кіші Отанына ат басын бұрып, туған мекенінің гүлденуіне, өсіп-өркендеуіне ат салысу болып табылады. Игі бастамаға мұрындық болып, өткізілуіне қол ұшын беріп, көмектескен «Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының» ұжымын басқарып отырған азамат Бадашев Бекет Өтепұлы.  Жақсылықтың жаршысы болып жүрген жаны жайсан азаматтың Тасқала ауданының тумасы екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Жақсылықтың туын жықпай, қолдау білдіріп облыс орталығынан арнайы келген қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Арсен Толқынұлы, мәслихат хатшысы Сансызбай Рахимұлы бастаған ұжым қазақы дәстүрмен қарсы алып, ризашылықтарын білдіріп, алғыс хат табыстады. Облыс орталығынан келген  жоғары біліктілік санатты дәрігер, педиатр, пульмонолог Қарлығаш Валиқызы, жоғары біліктілік санатты дәрігер, балалар кардиологы Майна Ермұхамбетқызы, жоғары біліктілік санатты  дәрігер, гастроэнтеролог  Светлана Нұрымғалиқызы, балалар дәрігері, эндокринолог Ирина Николаевна 70-ке жуық баланы  қабылдап, кеңес беріп, ем-дом шаралары бойынша нұсқаулықтар берді. Бірі аурумен алысып, бірі ауруын жасырып, бірі ауырмаудың жолын іздеп  келген тұрғындардың осындай қолжетімді бастаманын әрі қарай жалғасын тауып, егде тұрғындардың арасында да өткізілсе деген игі тілектерін білдірді.

Мурзағалиев Серікқали
Аудан тұрғыны:
Қалаға жақын тұрсақта жол көтере алмау, жағдайдың келіспеуі секілді мәселелерді шешудің жолы осындай игі бастама екені белгілі. Қызымды арнайы тексерістен өткізу үшін қалаға тіркеліп қойған едім, алайда  дәрігердің арнайы келетін естіп одан бас тартып, осында әкелдім. Дәрігерлер қызымды тексерістен өткізіп, қандай да бір аурудың алдын-алу мақсатында үнемі тексерісте жүру керектігін ескертті.  Осындай бастамалар үнемі жалғасын таба берсе деген ұсынысымыз бар.
Габдуллина Талшын
Аудан тұрғыны:
Осындай топтың келетінін, қабылдау өткізетінін әлеуметтік желі арқылы естіп, арнайы Әлімжан немеремді әкеліп тексерістен өткіздім. Мен Бадашев Бекеттің  ауданның тумасы, жерлес екенін бұрыннан білетін едім. Елбасының «Рухани жаңғыру:болашаққа бағдар» атты мақаласында кеңінен айтылған туған жеріне әрбір азаматтың бет бұрып, жанашырлық таныту керектігі осындай шаралардан бастау алары белгілі. Осындай бастама көтеріп, аудан тұрғындарфына  қол ұшын созып, жәрдемдесуі үлкен азаматтық белсенділік екені сөзсіз. Дәрігерлердің тексеруі де көңіл қуантарлық. Алғыс білдереміз.