Жуырда аудандық мәдени-демалыс орталығында ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және «Руханият» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Пайғамбарлардың ең асылы және бәрінен үстемі Мұхаммед (с.а.у.) туған күніне арналған «Шапағат шам шырағы әз-Мұхаммед» атты рухани шара өтті. Аталмыш шараға Мұрадым Мирланов, Талғат Мықи, Эльдар Ихсанов, Айнабек Бисенғалиев секілді айтыскер ақындарқаладан арнайы келді.

Рухани кеште аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева мен аудандық мешіттің бас имамы А.Ибрашев жиылған жұртшылықты мерейлі Мәуліт мерекесімен құттықтап, оның мән-маңызын айтып өтті. Содан кейін Айдын Бақытұлы құран оқып, дұға бағыштаған соң ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірінен сыр шертетін бейнеролик көрсетілді. Мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары «Өлшеулі өмір», «Дұға», «Екі асыл зат» атты әндерді шырқады.

Көрермендер асыға күткен айтыскерлерде ортаға шықты. Алғаш болып Мұрадым Мирланов пен Эльдар Ихсанов бүгінгі күннің бірқатар мәселелерін сөз етіп, жырға қосты.
Екінші жұпта өнер көрсеткен Талғат Мықи мен Айнабек Бисенғалиев шараның көркін одан әрі қыздыра түсті.
Пайғамбардың (с.а.у.) дүниеге келген айын яғни Мәуліт мерекесін Тасқала жұртшылығы осылайша атап өтті. Шара соңында Тасқала ауылының тұрғыны Жұмағали ақсақал сахна төріне шығып, шараны ұйымдастырғандарға және ақындарға өз ризашылығын жеткізді.