14 желтоқсан күні аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың, «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің және «Руханият» қоғамдық бірлесігінің ұйымдастыруымен аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Жарқыра мәңгі елім менің!» атты патриоттар форумы өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен шараға аудан әкімі Санжар Әлиев қатысты. Сонымен қатар, патриоттық форумға Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының маманы, айтыскер ақын Айнабек Бисенғалиев,  «Назар аудар» КТК командасының белді мүшесі Марс Жайлауов, ағайынды әншілер Мадияр және Бақтияр Мұхамбетовтер мен БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жастар бастамаларын қолдау бөлімінің маманы Гүлжанат Қаленова сынды өңірімізге танымал жастар спикер ретінде шақырылған болатын.

Форум басында сөз алған аудан әкімі Санжар Жұматайұлы жиналған жастарды келе жатқан Ел тәуелсіздігі күнімен құттықтап, келген қонақтарға алғысын білдірді. Әрі қарай форум ашық сұхбат ретінде өрбіді. Ақын Айнабек Сағынтайұлы алғаш айтысқа келгеннен бергі басынан өткен қызықты жайттарды баяндап, жастарға қай шаруаға білек сыбансаң да қорықпай бастау керек екендігін айтты. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген соң, суырып салма ақын ретінде қолына домбыра алып, жиналғандарға арнау айтты. Жас маман Гүлжанат Оразбайқызы болса жастарды көп қызықтыратын жобалық мененджмент тақырыбында ой толғап, еріктілер корпусын жандандыру бағытында кеңес берді. Спикер сөзінен кейін Санжар Жұматайұлы да біраз сұрақтар қойып тұшымды жауап алды.
Жиналған жастар арасында егіз әншілер Бақтияр мен Мадиярдың шығармашылығы мен өмірдегі ұстанымы туралы сұрақ қойғандар көп болды. Киім кию үлгісі секілді өмірдегі, өнердегі ұстанымдары да ұқсас екендігі туралы қос спикер кезек жауап беріп, туған жерге деген сағыныштарын әнмен жеткізді. Осы орайда айта кету керек, аталмыш қос әнші мен шараныңі тағы бір спикері Марс Жайлауов өзіміздің Тасқала өңірінің тумасы. Әзіл саласының майталманы ретінде Марс Ғиниатоллаұлы өзіне қойылған көптеген сұрақтарға қалжың араластырып жауап беріп, жиналғандарды күлкіге көмді. Тасқала өңірінен ізбасарлар табылып, әзіл әлеміне жол тартамыз десе, көмек қолын аямайтындығын да тілге тиек етті. Жиналғандар тарапынан да спикерлер мен аудан әкіміне сұрақтар қойылып, отырыс ашық диалог ретінде жалғасты. Шара соңынан аудан басшысы қорытынды сөз сөйлеп, жиналған жастар жергілікті әншілер Жаслан Рахмет пен Балнұр Қаратаеваға қосылып «Бірге» әнін шырқап, форум өз мәресіне жетті.
Форумнан соң келген қонақтар аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығындағы еріктілер корпусында болып, аудан жастарының тыныс-тіршілігімен танысты.