Бүгін Тасқала ауданының Атамекен ауылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы аясында 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Аталмыш шара Жерлестер форумымен сабақтасты. Алыс-жақыннан келген қонақтар туған ауылының тұрмыс-тіршілігімен танысып, көптен көрмеген ағайын бір-бірін көріп бір марқайып қалды. Шара қонақтарды қарсы алудан басталып, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға гүл шоғын қою рәсімімен жалғасты. Келген қонақтар мектеп мұражайына саяхат жасап, ауыл тарихынан бейнебаян тамашалады. Әрі қарай «Мен өз елімнің патриотымын» атты форум жұмысы мектептің акт залында жалғасын тапты. Шара барысында спорттық шаралар, ауылшаруашылық көрмесі, жәрмеңке ұйымдастырылған. Ауылдың 85 жылдығына арналған салтанатты жиын, мерекелік концерт барлық ауыл тұрғындарының, келген қонақтардың назарына ұсынылды. Түстен кейін барша шараға қатысушы қонақтар ауыл мейрамханасында дайындалған дастарханнан дәм татып, дастархан басында өз ниет, тілектерін білдірді.

Туған жер бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан Жерлестер форумында осы өңірден шыққан, бүгінде өз саласының үздіктері, ауылына деген ыстық ықыласын білдіріп, алдағы уақыттағы өз ойларын ортаға салды. Мұндай басқосулар ауданның тұрмыс-тіршілігін жандандырып ауыл, аудан экономикасының дамуына үлесін қосуы тиіс. Форум аясында тың жобалар жоспарланып, жаңа бастамалар сөз болды.