25 тамыз күні аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен,  аудандық жастар ресурстық орталығы және  «Намыс» ЖҚБ ұйымдастыруымен аудан жастарының VІ форумы өтті. Оған облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы М.Әбілқас пен Саратов облысына қарасты Дарағаш ауданының делегациясы қатысты. Форум жұмысы алдымен  аудан жастарының өткізген іс-шараларынан түсірілген  бейнероликпен басталды.

Содан соң «Намыс» ЖҚБ төрайымы Г.Мулдашеваның атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалды. Есепте  «ЖасNew» еріктілер клубы мен аудан жастарының белсенділігімен атқарылған игі істер тілге тиек болды. Шараның  келесі бөлімінде қонақтарымыз ауданды аралап, «Сәулет» мектеп-лицейінде болды. Оқушылардың сабақ барысында қол жеткізген жетістіктерімен, сондай-ақ мектеп жанынан ашылған арнайы үйірме, клубтармен танысты. Бұдан басқа  «Бөбек» балабақшасында болып балдырғандар үшін атқарылып жатқан жұмыстарды  көрді. Содан соң  шараға қатысушылар «Шұғыла» жазғы демалыс-лагерінде тігілген киіз үйге бас сұғып, халқымыздың салт-дәстүрімен танысты. Қонақтарға арнап  қой сойылып, дастархан жайылды. Бата берілді. Бір уақыт жастар асық атып, алтыбақан теуіп, ұлттық ойындардан ұйымдастырылған  спорттық шараға қатысып, бақтарын сынады. Форум соңында Ресейден келген қонақтар аудан жастарының атқарған жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, салт-дәстүр жөнінде біраз мағлұмат жинағандарын тілге тиек етті.