Өткен аптада жаңа оқу жылы қарсаңында алға қойылған міндеттерді айқындау мақсатында аудан педагогтарының кезекті тамыз кеңесі өтті. «Қазақстанның жаңғыруы 3.0. – білімнің үлесі» тақырыбында өткен кеңеске аудан әкімінің міндетін атқарушы Л.Жұбанышқалиева, облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы С.Темірғалиева қатысты.

Аталмыш басқосу «Қазақстанның жаңғыруы 3.0. – білімнің үлесі» тақырыбында үштілділікті дәріптеген, жаңа педагогикалық технологиялар мен әдіс-тәсілдер қамтылған көрмемен танысудан басталды. Ы.Алтынсарин және С.Жақсығұлов атындағы ОМ табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндердің мерекелік сәлемімен жалғасып, облыстық және аудандық білім беру ұйымдарының атқарған жұмыстары туралы бейнефильм тамашаланды. Мұнан соң «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазез «Қоғамды рухани жаңғыртудың ауқымды идеялары мен тұжырымдамалық тәсілдері», Қосшы ауылдық округінің әкімі Г.Мухамбеткалиева «Туған жер бағдарламасы – жастардың кіші отанын қолдау бойынша жүйелі мүмкіндігі», Ы.Алтынсарин атындағы ОМ директоры Э.Дакишева «Үштілде оқытуды ұйымдастыру – бәсекеге қабілетті білімді дамыту ресурсы», Амангелді ОМБ директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Владимирова «Туған жер жобасы негізінде оқушылар бойында ұлтжандылық, азаматтылық, толеранттық сананы қалыптастыру және көшбасшылық қасиеттерге тәрбиелеу», «Сәулет» МЛ мұғалімі Н.Шапиков «Нәтижеге бағытталған білім беру моделіндегі білім сапасын жетідірудің жаңа бағыттары», «Бөбек» балабақшасының меңгерушісі С.Жанжігітова «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын іске асыру аясында білім беру процесін ұйымдастырудың жаңа тәсілдері» тақырыбында баяндамаларын оқыды.
Сондай-ақ 2016-2017оқу жылында құрмет демалысына шыққан 20 ұстазға сый-сияпат көрсетілсе, жаңадан қызмет жолын бастайтын 13 жас маман таңыстырылды.
Тамыз кеңесіне қатысушыларды құттықтаған Люция Әсетқызы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан мамандарға марапат қағаздарын табыс етті. Бұған қоса еңбектері еленген ұстаздар қауымы облыстық білім басқармасының марапат қағаздарына, Құрмет грамотасына, облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің, «Нұр Отан» партиясының және аудан әкімінің алғыс хаттарына ие болды.