1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ауданымызды орталық алаңында мерекелік шара өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева қатысып, кішкентай бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтады.
Алаңдағы басты шара, бастауыш мектеп пен балабақша түлектерінің шеруімен басталды. Содан кейін, мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары түрлі ертегі кейіпкерлеріне еніп, бүлдіршіндерге керемет көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғындары арасында жаз мезгіліндегі суға түсу ережесі мен өрттің алдын алу бағытында жадынамаларды таратты.
Сонымен қатар, мерекелік шара аясында, балаларға жерге сурет салу, гүлдер фестивалі, суретшілер байқауы және кітапхана көрмесі ұйымдастырылды.
Кеш мезгілінде, аудан әкімінің аппарат басшысы М.Мырзаш бастаған бір топ мемлекеттік қызметкерлері, мәдениет үйінің жанындағы спорт залында, мектеп оқушыларымен баскетбол ойнап, кейінен шағын сыйлықтарды табыстады.