Бүгін Тасқала аудандық мәдениет үйінің «Тәуелсіздік» залында, аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиеваның қатысуымен Чернобыльдік ардагерлерімен кездесу өтті. Кездесуге ауданымыздың Чернобыльдік ардагерлері, тарих пәнінің мұғалімдері, аудан жастары, мектеп оқушылары қатысты.
Шара барысында сөз алған Люция Әсетқызы, Кеңес Одағының құрамындағы 15 мемлекеттен шамамен 600 мыңға жуық адам жұмылдырылған болса, соның 32 мыңы қазақстандық азаматтар, соның ішінде біздің ауданымызда Чернобыльдік ардагерлер саны 14 адам екеннін атап өтті.
Сонымен қатар кездесуге қатысушыларға мәдениет үйінің қызметкерлері шағын концерттік бағдарламасын ұсынды.
1986 жылдың 26 сәуір күні Кеңес Одағында ХХ ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат орын алды. Украинадағы Чернобыль атом электр станциясының төртінші блогы жарылып, реактор толық істен шықты.
Апат салдарынан радиоактивті заттар қоршаған ортаға таралды. Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады. Кем дегенде бес миллион халық зардап шекті.