13 сәуір күні «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының және «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері ауданның құрметті азаматы 15 сәуірде 80 жасқа қадам басқалы отырған А.Жұбанышевты келе жатқан туған күнімен құттықтап, құрмет көрсетті.
Шараға аталмыш партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазез, аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Балықов, зейнеткер М.Залиев және әртүрлі салада қызмет жасап жүрген аудан жастары қатысты.
Басқосу барысында Д.Ғазез, Ж.Балықов, М.Залиев сөз сөйлеп, Арон Қажығалиұлының қоғамдық жұмыстарда белсенді жұмыс жасап, аудан экономикасының өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқанын айтып өтті. Сондай-ақ халықтың мұң-мұқтажын басшыларға жеткізіп, көптеген күрмеуі қиын мәселерді шешуге атсалысқан тұлға екендігін атап айтты.
– Арон ақсақал қашанда адами қасиетті бірінші орынға қойып, адалдықты ту етіп ұстаған жан. Оның бойындағы асыл қасиеттер қашанда көпке үлгі. Бүгінгі өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтың бойынан осі кісі сияқты өр мінезділік пен адалдық табылса екен дейміз, - деді олар өз сөздерінде.
Шарада А.Жұбанышев өзінің жүріп өткен өмір жолынан сыр шертіп, көрсетіліп жатқан құрметке өз ризашылығын жеткізді. Шара соңында жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Р.Сатыбалдиев мерей той иесіне алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.