Бүгін, яғни 12 сәуір күні, облыс әкімінің орынбасары Б.Қонысбаеваның төрағалық етуімен, аудан әкімі С.Әлиевтің қатысуымен мемлекеттік сатып алу және төртінші деңгейдегі бюджет құру мәселелері жөніндегі семинар – кеңесі өтті.
Сонымен қатар жиналыста жұмыстық топ қатарында келген облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары  А.Құлқаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жерглікті бюджет кірістерін болжау және талдау бөлімінің басшысы Ғ.Жұбанышев, аумақты дамыту және мониторинг бөлімінің басшысы Р.Еркеғалиева, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы Э.Гайнутдинов, облыстық қаржы басқармасының коммуналдық меншікті басқару бөлімінің басшысы Ж. Нигметуллин, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Т.Төлепов қатысты.
Семинар барысында жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс бөлігін қалыптастыру, бюджетті бекіту мәселелері, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының штат саны мен жарақтандырылуы, әкімшілік есепке алуды жүргізу, ауылдың бекітілген бюджетін атқару мәселелері талқыланды.
2018 жылдан бастап республикалық, облыстық және аудандық дәстүрлі бюджет деңгейлерінен басқа, ауылдардың өз бюджетін енгізу болжануда. Сондай-ақ, халық саны 2 мыңнан астам адамды құрайтын әкімшілік-аумақтық бірліктерде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерлерде коммуналдық меншікті аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің деңгейіне беру күтілуде.