Естеріңізде болса, қыркүйек айында Орал қаласында татар халқының «Сабантой» ұлттық мейрамы ұйымдастырылып, оған Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов бастаған делегация қатысқан болатын.

Аталмыш шара барысында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен  іскерлік кездесуде Тасқала ауданы мен Татарстан Республикасы Ақтаныш ауданының басшылары әріптестік меморандумға қол қойды. Міне, араға бір ай салып,  11-14 қазан күндері аудан әкімі Алдияр Халелов бастаған тасқалалық  делегация  іссапармен аталмыш ауданға барып, іс-тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. Оның құрамында еңбек ардагері, өлкетанушы, Г.Хисаметдинов пен аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева, бөлім басшылары мен округ әкімі және кәсіпкер азаматтар болды.


Қазақстандық делегацияны аудан басшысы Энгель Фаттахов аудан шекарасынан құшақ жая қарсы алды. Қош келдіңіз айтып, Ақтаныш ауданы жөнінде таныстырып өтті. Екінші күні аудан басшылығының мәжіліс  залында Энгель Навапұлы  тасқалалықтарды ресми түрде қабылдады.

Елдің тарихы мен оның экономикалық дамуы жөнінде тілге тиек етті.

- Негізінен аудан тарихи деректерге бай. Оның аумағында бес археологиялық комплекс орналасқан. Олардың көбінен зергерлік бұйымдар мен жебелер табылған.

Сондай-ақ, жергілікті халықтың арасында Ұбыркөл (Озера обжора) көлінің түпсіз терең шұңқырында ханның жоғалтқан қазынасы жатыр деген аңыз бар.

Мұнымен қоса аудан аумағында көптеген өзендер ағып жатыр. Олардың арасында ең ірі Кама және Ақ өзендері.

Жалпы Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданынан арнайы  келген қазақстандық делегациясының өңірімізде болуы біздің олармен  ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға ықпал етеді. Екі ел арасындағы жүргізілген келіссөз инвестициялық, экономикалық сауда мен туризмді, сондай-ақ мәдениетімізді байланыстырып, тығыз қарым-қатынаста еңбек етуге үлкен септігін тигізеді,-деді өңір басшысы өз сөзінде.

Жиын барысында сөз алған аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы екі ел арасындағы қарым-қатынас  тек мұнымен шектеліп қалмайтынын айта келіп, болашақта елдің дамуы бағытында бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Біздің сіздерден үйренетіндеріміз көп. Елге барғаннан соң Ақтаныш ауданынан алған тәжірибелерімізді жоспарымызға қосып, жұмыстанатын боламыз. Сіздер де біздегі бар жақсы дүниелерді өз жеріңізде пайдалансаңыздар болады. Осылайша екі аудан бір-бірімізден үйрену арқылы елдің дамуына ықпал ететін боламыз деген Алдияр Сансызбайұлы Энгель Фаттаховқа тасқалалықтар атынан ескерткіш сыйлықты табыс етті.

Шара барысында бір -бірін ынтымақтастық пен іскерлік бағытында қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырған қос басшы меморандумға қол қойды.

Содан соң делегация Ақтаныш ауданының агроөнеркәсіптік паркінің жұмысымен танысып, жергілікті тарихи-өлкетану мұражайында болды.

Айта кету керек, мұражайда ауданның тарихын бейнелейтін 12 бөлім бар. Мұнда әр жылдардағы басшылар мен өнерімен елге танылған «Ақеділ» ән-жыр, би ансамбілінің тарихы, сондай-ақ ауданның алғашқы құрылған жылдарын бейнелейтін тарихи деректер мен өлкентану жұмыстары және сол жерде кездесетін түрлі аң-құстар, ұлттық киімдер мен музыкалық аспаптар қойылған.

Одан әрі делегация Кеңес Одағының батыры Хасан Замановтың атындағы Ақтаныш кадет мектеп-интернатын аралады. Мұнда 5-11 сынып аралығында 150 оқушы білім алады. 2007 жылы құрылған аталмыш білім ордасы балаларға әскери-патриоттық  бағытта білім береді. Үміткерлер оқуға  математика, психология, денешынықтыру және орыс тілі пәндерінен емтихан тапсыру арқылы қабылданады. Бос уақыттарында өздерінің сүйікті үйірмелеріне қатысады. Интернат жанында жылыжай жұмыс істейді.

Сонымен қатар аудан орталығында  1000 орындық ашық стадион мен мұз айдыны, жазғы ойындар өтетін спорт мектебі мен шаңғы орталығы орналасқан.

Тасқалалықтар мұнан басқа технологиялық колледж бен гимназияны аралап көрді. Бір айта кетерлігі - ауданның тазалығы. Әр тұрғын өзіне тиесілі бау-бақшасын жинап, орнын тазалап, келесі жылға дайындап  қойған. Ретсіз шашылған нәрсе жоқ. Бәрі де жинақы. Тіпті, ауылға кіреберіс жолдың жанындағы орман жолағындағы теректердің түптеріне дейін ақталған.

Аудан әкімшілігінің алдында орналасқан В.И.Ленин атындағы парктің іші әдемі безендіріліп, тұрғындардың алаңсыз  демалуына жағдай жасалған.

Парктің іші Татар халқының ұлттық киіміндегі құнды әшекейлерді жалғап тұратын жіп тәрізді жасақталған.  Жаяу жүргіншілер жүретін жолдар мен демалатын орындар барлығы бір-бірімен үйлесім тапқан. Түнгі жарыққа да да баса назар аударылған. Композициялық мүсіндердің өзі демалыс саябағының сәнін келтіріп тұр.

Бұдан басқа делегация агрегат заводында болды. Мұнда  күні-түні үш аусыммен  85 адам қызмет жасайды. Олар 20  жуық әртүрлі өнім шығарады.

Жаңа технологияман жұмыс істейтін «Нұр Баян» сүт фермасында болған тасқалалықтар  «Карусель» сүт сауу залында сиырлардың бір мезгілде қалай сауылатынын өз көздерімен көрді. Сондай-ақ жаңадан салынған «Сандуғаш» бала бақшасында болды.

Ескі Ақтаныш пен жаңа аудан орталығының арасын жалғайтын демалыс орны да жақсы ұйымдастырылған. Қолдан тоған жасалып, оның үстімен өткел салынған. Осы арқылы адамдарға орталықпен  тіке қатынасуға мүмкіндік бар. Тоған ішінде бірнеше субұрқақ салынып, жарық шамдар ілінген. Су  шлюз арқылы айына бір рет ауыстырылып отырады дейді мамандар.  Мұнда жоғарыдан төменге түсу үшін 10 алаң мен 123 баспалдақ орналасқан.

Жалпы халқының мақтанышына айналған Ақтаныштың экономикалық даму жоғарғы деңгейде. Қаз өсіріп, отбасылық бизнеспен айналысатын кәсіпкердің жұмысымен таныстық. «Сабантой» өтетін арнайы жерде болып, оның дизайынын өз көзімізбен көрдік. Осылайша аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы  бастаған делегация татар еліндегі игі жұмыстарды көруге  мүмкіндік алды. Енді сол көргендерді өз ауданымызда қолға алып, ауданның гүлденуіне  ықпал ету керек. Ең бастысы тазалық.Көшеде жүрген бір мал көзге түспеді. Сондықтан жерлестерге айналамызды таза ұстап, туған жеріміздің одан әрі гүлденуіне атсалысайық. Әр адам тазалық жұмыстарын өзінен бастап, кейінгі ұрпақты еңбекке баули алсақ, осының өзі елге қосқан үлесіміз болатыны сөзсіз.

Бұл сапар екі тарапқа да  екі аудандағы экономиканы, инвестиция мен мәдени, білім, сондай-ақ туристік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді.

Назгүл Серікқызы