Алдымен қонақтар назарына «Тарихы терең Тасқала» тақырыбындағы бейнефильм ұсынылып, ауданның қасиетті жерлері жайлы айтылды. Жалпы халық саны мен ауыл аумағы, экономикалық және әлеуметтік даму жолдары сөз болды.

Мұнан соң сахна төріне шыққан форум модераторы Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж директоры, профессор, аудан тумасы С.Бахишева спикерлерді таныстырып өтті. Олардың қатарында аудан әкімі А.Халелов, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғ.Қапақов, қоғам белсендісі Т.Сапаров, жеке кәсіпкер, меценат Қ.Нупов және жерлесіміз, №25 орта мектептің ұстазы И.Жилик бар.

Алдымен сөз алған аудан басшысы Алдияр Сансызбайұлы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала аясында ел ішінде атқарылған жұмыстарды баяндады.

-Халқымыз «Тау шайқалса да, тарих шайқалмайды» дейді. Бабалар тұлпарының тұяғымен таңбаланып, тасқа қашап жазылған көне тарих қанша уақыт өтсе де жоғалмайды. Бір кездері ауылшаруашылығын дамытып, елді оңалту мақсатында құрылған Тасқала ауданы бүгін мерейлі жасын тойлап отыр. Елбасы ұсынған мақала аясында да талай жұмыстар нәтижесін беруде. Бүгінде аудан бойынша елді мекендер 98%-ға, ауыз су мәселесін шешу 93%-ға жетіп отыр. Сондай-ақ ауданның инфрақұрылымын дамыту, ауылшаруашылығы саласының алға жүруі мен ауылішілік жолдардың салынуы қарқынды жүзеге асуда. Аталмыш мақаланың «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы жалпы құны 5 млн. 300 мың теңге құрайтын 7 жоба іске асырылса, биыл жалпы 30 миллионға жуық қаражатқа 16 жоба жүзеге асады деп күтілуде. Баршаңызды ел мерейін асқақтатып, халық абыройы үшін еңбек етуге шақырамын,-деді Алдияр Сансызбайұлы.

Өз кезегінде сөз алған Ғ.Қапақов бағдарламаның облыс көлемінде жүзеге асуы мен азаматтық игі бастамалардың тиімділігіне тоқталса, Т.Сапаров ауданның келешегі мен ертеңі жайлы сөз қозғады. Жеке кәсіпкер Қ.Нупов тұрғындарды мерейлі күнмен құттықтап, аудан әкімдігіне 2 млн. теңге қаржылай демеушілік көрсетті. Ал жерлесіміз И.Жилик өзінің өзге ұлт өкілі болса да жүрегінің қазақ деп соғатынын, кезінде халықтың ата-бабасына көрсеткен көмегіне алғыс айтты.

Шара «Жомарт жүрек - 2018» форумына ұласты. Ә.Сытдықов «Үздік меценат», Д.Нұрмағанбетов «Туған ауыл жанашыры», А.Кушалиев «Үздік қайырымды азамат», З.Сәрсенбаев «Жылдың үздік азаматы», С.Лапшин «Жылдың еріктісі», С.Каримов «Жылдың батыл жүрегі» аталымдарымен марапатталды. Сонымен қатар «Намыс» ЖҚБ «Үздік қоғамдық бірлестік» аталымына ие болды. Бұдан өзге Тасқаланың дамуына үлес қосқан бір топ азамат аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Жиын соңында сахнаға көтерілген аудан басшысы Алдияр Сансызбайұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Әмірхановқа «Тасқала ауданының құрметті азаматы» атағын беріп, куәлік табыс етті.

Назгүл ЖӘРДЕМОВА,

Тасқала ауданы