Ағымдағы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы – Н.Ә.Назарбаевпен Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған  Президенттің бес әлеуметтік бастамалары ұсынылды.

Олардың біріншісі - «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» шеңберінде ҚР Ұлттық Банкімен «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы бекітіліп, «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ арнайы компаниясы құрылды.
«7-20-25» бағдарлама талаптарына сәйкес, халыққа 7% мөлшерлеме бойынша, бастапқы жарнасы кредиттелетін тұрғын үй құнының 20% мөлшерінде, сондай-ақ мерзімі 25 жылға дейін кредиттер ұсынылатын болады.
Бағдарлама Қазақстан Республикасының кез келген аймағында құрылыс салушыдан тек жаңа салынған, пайдалануға берілген, Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалалары үшін құны 25 млн теңге,  республиканың өзге өңірлері үшін 15 млн теңгені құрайтын тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі қаралған.
Бағдарлама бойынша ипотекалық қарыздар ұлттық валютада беріледі және оған меншік құқығында баспанасы жоқ, тұрақты табысы бар азаматтар қатыса алады.
 «7-20-25» бағдарламасының тағы бір ерекшелігі - нысаналы мемлекеттік қаржыландырудың болмауы. Бағдарламаны қаржыландыру кредиттік ресурстардың тез қайтарылуын қамтамасыз ету үшін қор нарығында ұзақ мерзімді ресурстарды тарту есебінен жүзеге асырылатын болады.
Бағдарламаның жүзеге асырылуы басталды, алғашқы ипотекалық заемдар Алматы, Астана, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларында берілді.
Бағдарлама операторы - «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ, «Еуразиялық Банкі» АҚ, «Цесна Банк» АҚ, «АТФ Банк» АҚ, «Bank RBK» АҚ және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен келісімдер жасасты.
Бағдарлама бойынша толық ақпаратты Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің (http://www.nationalbank.kz) және «Баспана» Ипотекалық ұйымы» АҚ-ның (http://baspana72025.kz) ресми интернет-ресурстары мен call-центрлерінен алуға болады.