31 мамыр – бүкіл қазақ баласы көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. Өлгенге иман, өткенге салауат тілейтін күн. Қаскөй саясаттың қанқұйлы қасап-қыспағынан қапыда мерт болған қаншама қазақ баласын жоқтайтын күн. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады. Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Біздің ендігі жердегі борышымыз – осы қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған азаматтардың есімдерін ұмытпау, оларды мәңгі есте сақтау.

Осыған орай, бүгін аудандық мәдени демалыс орталығында «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» атты саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шара ұйымдастырылды.
Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева, аудандық «НұрОтан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Думан Ғазез, шақырулы қонақтар, еңбек ардагерлері, ақ жаулықты әжелеріміз және бірқатар тарихшылар, кітапханашылар қатысты. Шараға барысында мектеп ұстаздарының баяндамалары тыңдалып, аудандық кітапхана қызметкерлерінің кітап көрмесі тамашаланды. Қатысушылар өткен тарихтан сыр шертіп, пікір алмасып, ойларымен бөлісті.