Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы аясында Қосшы ауылдық округінде «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы өтті. Шараға жиналған қонақтарды ауылдық округ әкімі Гүлжан Болатқызы бастаған топ ауыл іргесінен ақ дәм ұсынып, қарсылап алды. Форумда Оян ауылынан шыққан тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығы басшылары, мектеп түлектері бас қосты.

Бұл күні ырысы тасып, ынтымағы ұйыған, жаңалыққа жаны құштар Ояндықтар кезекті қуанышты сәттің куәсі болды. Себебі, ауылдың кіре берісінде бой көтерген «Менің жүрегім - Оян» атты жарықтық диотты (светодиотный) жазудың ашылу салтанаты елдің қуанышын еселей түскендей. Жүрек белгісі орнатылып, әріптері әсем безендірілген жазу ауылдың ажарын ашып тұрғандай. Келген меймандар Отан үшін ұрыс даласында жан қиған майдангерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. 
Бұл форум «Соңғы қоңырау» салтанатымен жалғасты. Мектеп бітіруші түлектерге жылы лебіздерін білдіріп, ақ-жол, тіледі. Кейін осыдан 5 жыл бұрынғы мектеп түлектері (спорттық форма) және 40 жыл бұрынғы мектеп бітуші түлектер (домбыра) өз тартуларын ұсынды. «Ауылым, елім, туған жерім!» деген жергілікті шаруа қожалығы басшылары демеушілік жасап, өздерінің туған ауылдарына «Балалар ойын алаңын» тарту етті. 
Кейін «Дені саудың – жаны сау» демекші ауыл жастарына «Спорттық алаңның» ашылуы салтанаты өткізілді. Мұнан кейін де жақсы дәстүр жалғасып, мектеп ғимаратында 20 жылдық мектеп түлектерінің ұйымдастыруымен күрделі жөндеуден өткен «Мектеп мұражайы» мен 30 жылдық мектеп түлектерінің демеушілігімен күрделі жөндеуден өткен «мектеп акт залының» салтанатты ашылуы өтті. Ұзамай мектеп акт залында «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы бастау алды. Ауыл әкімі Гүлжан Болатқызы қонақтарға «қош келдің» айтып, басқосуды ұйымдастырудың негізгі себептеріне тоқталды. Мақсат - мемлекет басшысы Н.Назарбаев нұсқаған «Туған жер» бағдарламасы аясында алыста жүрген ауылдастардың туған өңірлерімен байланысын арттыра түсу. Бойында ұлттық рухы бар кез-келген азамат қандай шалғайда жүрсе де өскен ортасынан, кіндік қаны тамған жерімен байланыс орнатудан қашпайды. Тек соған ұйытқы болатын себептер керек. Сол себепті, Оянда қанат қаққан ауылдастарға ұран тастамаққа осындай үлгі ойластырылған. 
Әкім өз сөзінде бүгінгі форумға дейін де алыстағы ауылдастардың елге қолғабыс жасап жүргенін айтып, алдағы уақытта олардың қатары көбейе түсуін мақсат етіп отырғанын жеткізді. Ал, аудандық мәслихат хатшысы Сансызбай Бақтығалиұлы тың бастама көтерген жерлестеріне қолдан келгенше қолдау көрсететінін мәлімдеп, ең бастысы елге мызғымас бірлік керектігін атап өтті. Мұнан соң сөз сөйлеген форумға қатысушы қонақтар жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатынын сөз етіп, ауылдың болашағы үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындарын айтты. Форум соңы 30 жылдық мектеп түлектерінің ұйымдастыруымен мерекелік концертімен мәреге жетті.  Оянның төрінде алғаш рет ұйымдастырылып отырған жерлестер форумы сәтті өтті.