2018 жылдың 11  мамыр күні Тасқала ауданында «Руханият» қоғамдық бірлестігі және ауданның мұсылмандар мешітінің ұйымдастырумен облыстық мешіт жамағаты арасында «Тасқала барысы» қазақ күресінен ауданаралық сайысы мен «Құран – мәңгі мұғжиза» атты құранды мәнерлеп оқудан жарыс өткізілді.

Аталмыш қос бірдей шараның мақсаты мешіт жамағатының ауызбіршілігі мен діни сауаттылығын арттыруға, қоғамның дамуы мен Пайғамбарымыз (с.у.с) сүннеті болып саналатын спорт түрін насихаттау, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану болып табылады.
Аталмыш қос бірдей шараға Зеленов, Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Тасқала аудандарының мешіт жамағаттарының қатысты. Шараның алғашқысы «Тасқала барысы» қазақ күресінен ауданаралық сайысы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткізілді. Шараға аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева қатысып, барша қатысушыларға сәттілік тілесе, облыс орталығынан арнайы шақыртылған мамандар қасиетті айдың сауабы мен спорт мұсылман баласының серігі екеніне тоқталды. Мұнан соң жарыстың бас төрешісі Туркаев Алмаз жарыстың өткізілу барысы мен ережелерін түсіндірді. Әр салмақ бойынша бақтарын сынап, өз салмақтары бойынша қатысқан 30 спортшыдан  үздіктер анықталды. Нәтижесінде 70 кг салмақ дәрежесіне дейін І орын Мақашев Алтынбек (Тасқала ауданы), ІІ орын Мухитов Батырхан (Сырым ауданы ),  ІІІ орын Асылбеков Асқарбек (Тасқала ауданы), 90 кг салмақ дәрежесіне дейін І орын Юсупов Самат (Тасқала ауданы), ІІ орын Аманов Сипағат (Сырым ауданы), ІІІ орын Утешов Алим ( Ақжайық ауданы),  +90 кг салмақ дәрежесінде І орын Белялов Еркебулан (Ақжайық ауданы) ІІ орын Менияшов Манас (Тасқала ауданы), ІІІ орын Ғалым Нұрхат (Зеленов ауданы) иеленді.
Мұнан соң барша жарысқа қатысушылар жұма намазына жиылып, Ұлы Жаратушыға құлшылық жасады. Жұма намазында мешіт жамағатына облыстық мешіттің найб имамы ораза ұстаудың жалпы ережелері мен оның сауабын, қасиетті айды толық құлшылықпен өткізудің жолдарын түсіндірді.
Жұма намазынан кейін «Құран – мәңгі мұғжиза» құранды мәнерлеп оқудан жарыс өткізілді. Жарысқа 7 адам қатысты. Қатысушылар арнайы орнатылған билеттегі құран сүрелері мен аяттарын мәнерлеп оқыды. Нәтижесінде І орын Доскалиев Данил (Ақжайық ауданы), ІІ орын Тыным Қуанғали (Сырым ауданы), ІІІ орын Мақсутов Айтқали (Зеленов ауданы) бұйырып, барша қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Шара соңында аудандық мешіттің имамы Ибрашев Айдын жарысқа қатысушыларға алғыстарын білдіріп, Ұлы Жаратушыны дәріптейтін, қасиетті айды ұлықтайтын  осындай бастамашыл игі шаралар жалғасын тапса деген тілегін айтты.