Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының мазмұнына сәйкес, азаматтардың еңбегіне уақытылы ақы алуға конституциялық құқығын қорғау мемлекеттік саясаттың басымды бағыттарының бірі болып табылады.
Осы ережелерге орай қызметкерлерге жалақыны және заңнамада белгіленген өзге де төлемдерді төлемеу адам мен азаматтың негізгі конституциялық құқықтарына қол сұғушылық болып табылады.
Қызметкерлердің еңбегі үшін сыйақы төлеу туралы (жалақы өндіріп алу туралы) істер – азаматтық істердің неғұрлым маңызды санаттарының бірі, өйткені тиісінше талап қойып сотқа арызданған адам үшін жалақы, әдетте, оның өзінің және оның отбасы мүшелерінің тіршілік етуі үшін жалғыз қаражат көзі болып табылады.
Жалақы өндіріп алу туралы талап дербес бөлек немесе, мысалы, жұмысқа қайта қабылдау туралы не тәртіптік жаза қолданылуын заңсыз деп тану туралы негізгі талаптардан туындаған болуы мүмкін екенін атап айту қажет. Облыс соттарындағы даулардың басым көпшілігі жалақының төленуін кешіктіруге байланысты туындайды.
Еңбекақы төлеу туралы талаптармен соттарға негізінен коммерциялық ұйымдардың қызметкерлері және жеке кәсіпкерлермен еңбек қатынастарында тұрғандар арызданады.
Жалақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктер Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 102-бабында бекітілген және мыналарды: айлық жалақының ең төменгі мөлшерін; сағаттық жалақының ең төменгі мөлшерін; еңбекке ақы төлеудің ең төменгі стандарттарын; үстеме жұмыс үшін ақы төлеуді; мереке және демалыс күндердегі жұмыс үшін ақы төлеуді; түнгі уақыттағы жұмыс үшін ақы төлеуді; жұмыскердің жалақысынан ұстап қалуылардың мөлшерін шектеуді; жалақының толық және уақытылы төленуін және еңбекке ақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктердің іске асырылуын мемлекеттік бақылауды; жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдерін қамтиды.
Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімі Еңбек кодексінің 113-бабында көзделген. Жалақы төлеу еңбек шартында, ұжымдық шартта белгіленген мерзімде айына кемінде бір рет жүргізіледі. Жұмыс беруші қызметкерге тиісті кезеңдегі тиесілі жалақының құрамдас бөліктері, жүргізілген ұстап қалулардың мөлшері мен негіздері, төленуге тиісті жалпы ақша сомасы туралы мәліметтерді қамтитын есеп айырысу парағын беруге міндетті.
Еңбек заңнамасының нормаларында көзделгендей, еңбекақыны және қызметкермен еңбек шартының бұзылуына байланысты өзге де төлемдерді төлеу жұмыс берушінің кінәсінен кешіктірілген кезде жұмыс беруші қызметкерге берешегін және өсімпұлды төлейді. Өсімпұлдың мөлшері жалақыны төлеу міндеттемелері орындалатын күнгі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру ставкасына қарай есептеледі және төлемдер жүргізілуге тиіс күннің ертеңінен бастап, әрбір кешіктірілген күнтізбелік күн үшін есептеледі де, төлем төленген күні аяқталады. Еңбек шарты тоқтатылған кезде жұмыс берушінің қызметкерге төлеуге тиіс сомаларды төлеуі ол тоқтағаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізіледі.
Сот тәжірибесі көрсеткендей, негізінен аталған санаттағы істер дау тараптарының іс бойынша дәлелдемелер ұсынуына қарай дұрыс қаралады.
Талапкер еңбекақыны өздері еңбек қатынастарын ресімдемеген жұмыс берушіден өндіріп алуды талап ететін талап қоюлар да кездеседі.
Мысалы Ш. жеке кәсіпкерге жалақыны және моральдық зиянды өндіріп алу туралы талап қойған, оны жауапкермен еңбек қатынасында тұрдым, жиһаз жинаушы болып жұмыс істедім деп түсіндіреді. Еңбек шарты жазбаша түрде жасалмаған. Жұмыс беруші жалақы төлеуді толық емес және кешіктіріп жүргізген, соған байланысты еңбек қатынастары оның өз бастамасымен тоқтатылған.
Сот істі қарағанда дауды шешу кезінде қызметкермен еңбек қатынастарының жоқтығын дәлелдеу ауыртпалығы жұмыс берушіге түсетіні туралы жалпы ережеге дұрыс сүйенген, ал ол еңбек шартының болмауы себебінен талапкермен еңбек қатынастарының болу фактісін мойындамады. Бұл жағдайда жұмыс беруші Ш.-ның оның кәсіпорнында жұмыс істемеу фактісін дәлелдеуге тиіс болатын. Алайда ол бұлай жасаған жоқ, ал бұл кезде талапкер жалақы бойынша берешек туралы өз талаптарының негіздемесі ретінде оның расында да жиһаз жасаушы фирмада істейтіні және кәсіпорынның жалақы бойынша берешегі 250 000 теңгені құрайтыны туралы жауапкердің өзінің жазбаша анықтамаларына сілтеме жасайды.
Сот анықтағандай, талапкер мен жауапкердің арасында еңбек шарты оны тиісінше ресімдемей жасалған, онысымен жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптарын өрескел бұзып отыр. Сондықтан соттың жалақы бойынша берешекті өндіріп алу туралы Ш.-ның қойған талабын қанағаттандыруы негізді болды.